Воскресенье, 12.05.2024, 09:06
Приветствую Вас Гость | RSS

Южно-Казахстанский педагогический колледж

Категории раздела
Наш опрос
Ваше мнение о ЮКПК
Всего ответов: 30
Статистика

Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0
Форма входа

Каталог статей

Главная » Статьи » Мои статьи

ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖДЕРДЕ СЫН ТҰРҒЫСЫНАН ОЙЛАУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ АРҚЫЛЫ ОҚЫТУДЫ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ТҰРҒЫДАН ДАМЫТУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖДЕРДЕ СЫН ТҰРҒЫСЫНАН ОЙЛАУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ АРҚЫЛЫ ОҚЫТУДЫ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ТҰРҒЫДАН ДАМЫТУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

Азбердиева Нағима Аббасқызы

Оңтүстік Қазақстан педагогикалық колледжінің аға оқытушысы

 

«Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында».

Н. Ә. Назарбаев

 

Бүгінгі таңда педагогикалық колледждерде оқытудағы басты мақсат – қоғам үшін өте зәру де қажетті болған мамандарды дайындау, мұнда олардың өздерінің алған білімдері, біліктері және дағдыларын педагогикалық тәжірибелерінде шеберлікпен пайдалануға ынталы, жан-жақты жетілген, өзінің қоғамдағы орнын жете түсінетін белсенді мамандарды қалыптастыру болып саналады. Осындай міндеттерді жүзеге асыруда педагогикалық колледж оқытушыларына аса зор міндеттерді жүктейтіні баршамызға белгілі.

Республикамыздағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістер жағдайында өркениетке жетудің қайта жандануы мен дамуының негізгі міндеттірінің бірі «жаңа құрылымдағы жаңаша көзқарас және ойлаудың шығармашылдық түріне ие болған адамды қалыптастыру» болып табылады.

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында «...білім берудің тиімді жұмыс істейтін қазақстандық жүйесі қалыптасып, қазіргі әлемде Қазақстанның лайықты орын алуына мүмкіндік беретін оқыту мен кадрларды даярлаудың сапалық білім деңгейіне қол жеткізетін болады» деп атап көрсетілген [1, 10 б.].

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында оқыту формасын, әдіс-тәсілдерін, технологияларын таңдауда көпнұсқалық қағидасы бекітілген, білім мекемелерінің педагогтарының өзіне оңтайлы нұсқаны қолдануға, педагогикалық үрдісті кез келген үлгімен, тіпті авторлық үлгіменен құруға мүмкіндік береді.

Қоғам дамуының қазіргі кезеңдегі жалпы жағдайы педагогика ғылымынан жеке тұлғаның өздігінен шешім қабылдай алуы, яғни ақыл-ойы дамыған, білімді терең меңгерген, дүниетанымы кең, дүниеге деген көзқарасы, тұлғалық мәдениеті жан-жақты қалыптасқан деңгейін талап етуде.

Бұған қоса Ы. Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясының президенті, педагогика ғылымдарының докторы, профессор А. Құсайынов өзінің «Білім және реформа» атты мақаласында: «Идеялардың, ойлау жүйесінің, өмір сүру тәсілдерінің алмасу қарқыны білімнің қоғамдағы орны мен ролінің де үнемі ауысуына өз әсерін тигізіп отыр. ЮНЕСКО ХХІ ғасырда білім саласында Дүниежүзілік деңгейде бірлікте өмір сүруге үйрену, білімді меңгеру, еңбек етуге үйрену, өмір сүруге үйрену секілді білім құндылығының негізін құрайтын төрт түрлі мәселеге ерекше көңіл бөледі.

Әр мемлекет, әр халық басқа мемлекеттер мен халықтардың, олардың тарихы, дәстүрлері мен ойлау жүйесі туралы білімдерді дамыта отырып, олармен бірлікте өмір сүруге үйренуі қажет... болашақта күтіп тұрған түрлі қауіп-қатерлерді бірге талдап, бірлесе тойтаруға, әр қилы қайшылықтарды ақылдаса отырып бейбіт түрде шешім жасауға, әрі бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді...», деп айтады [2, 10 б.].

Осы пікірлерді іске асыру ойлау процесінің жаңаруы нәтижесінде жүзеге асады. Бұл бағытта педагогикалық колледжде оқыту үдерісін жаңартудың жолдары алуан түрлі.

Біздің білім ордамыз Оңтүстік Қазақстан педагогикалық колледжінің педагогтар ұжымы да өз студенттерінің жаңаша бағытта білім алуларына, білім, білік, дағдыларын қажетті деңгейде меңгерулеріне, оның ішінде сапалы да тиімді білім алуларына, жан-жақты тәрбиелі де білімді маман болып дамуларына тікелей ықпал жасауды мақсат етіп қойған.

Біздің колледжіміздің іргетасы қалыптасқалы бері қыруар жұмыстар жасалынған. Дәлірек айтқанда:

1. Тұрақты кадр мәселесі қалыптасқан және негізінен толық жүктемеде жұмыс атқарады.

2. Жабық спорт кешені жасақталған. Бұл басқа колледждермен салыстырғанда өте сирек кездесетін ерекшелік болып саналады.

3. Төрт компьютер класы интернет жүйесіне қосылған.

4. Сабақтар интерактивті тақтада жүргізіледі.

5. Есептеу техникасы және программалық қамтамасыздандыру мамандығының оқушылары үшін математика, физика және информатика сабақтарынан виртуалды зертханалар оқу үрдісіне енгізілген.

6. Жоғары және І санатты оқытушылар жалпы оқытушылар құрамының 50 пайызынан астамын құрайды.

7. Медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Медбике бөлмесі оқушы және оқытушылар үшін қызмет жасайды.

8. Жалпы оқу-тәрбие үдерісі бір ауысымда өткізіледі. Бұл ерекшелік колледж оқытушыларына көптеген ғылыми, шығармашылық, ізденушілік жұмыстарын кеңінен жүргізуіне ықпал жасайды.

Жалпы алғанда, оқу-тәрбие үдерісін жаңартудың көптеген технологияларын колледжімізде пайдалануға толық мүмкіндігіміз бар.

Бұған дәлел ретінде мен оқу-тәрбие үдерісінде сын тұрғысынан ойлау технологиясының әдістері мен тәсілдерінен пайдалануды ұсынған болар едім.

Бүгінгі күнде ойлау процесі, сыни тұрғыдан ойлау, оны қалыптастыру мәселелері көптеген философтар, психологтар, педагогтар, физиологтардың зерттеу назарын тартуда. Зерттеу тақырыбымыздың мәнін ашу үшін алдымен философия, психология және педагогика сияқты ғылымдарда белгіленген негізгі көзқарастарды пайдалануды қажет етеді. Ойлау процесінің теориялық құрылымын білмей тұрып, мұғалім сабақты ұйымдастыруда белгілі дағдыларды қалыптастыруға бағытталған оның әдістемесін белгілей алмайды.

«Сыни ойлау» ұғымын қарастырмас бұрын «ойлау», «ойлау процесі» туралы сөз бастағанды жөн көрдік. Себебі, сыни тұрғыдан ойлау процесі жалпы ойлау ұғымынан бастау алады. Соңғы жылдары философияда, психологияда, педагогикада ойлау процесін адам дамуын зерттеудің негізі деп қарастыруда.

Осы орайда, Л.С.Выготскийдің философиялық еңбектерінде «ойлау» ұғымы былай түсіндіріледі: «...арнайы сипатта құрылған материя – мидың ең жетік өнімі, объективті дүниенің ұғымдар, теориялар, пікірлер және тағы басқаларда бейнеленуінің белсенді процесі. Ойлау адамдардың әлеуметтік-өндірістік әрекеті нәтижесінде пайда болады...» [3, 475 б.].

Сонымен қатар, оның психологиялық зерттеулерінде, ойлау анықтамасы «...болмыстың белгілі бір байланыстары мен қатынастарын сипаттау субъектінен тұратын объективті шындықты белсенді бейнелейтін ең жоғарғы формасы...» [4, 19 б.].

«Ойлау» ұғымын жан-жақты тұрғыда талдау мақсатында түрліше сөздіктерді талдау жасадық. Атап айтқанда, Л.С.Выготскийдің психологиялық сөздігінде бұл ұғым былай түсіндірілген: «Ойлау қабілеті жоғары психологиялық функциялар құрамына еніп, ол - өте күрделі психологиялық құбылыс ретінде өмір бойы қалыптасып, әлеуметтік құрылымға ие, психологиялық құрылымы жағынан орталықтандырылған және әрекетке түсу жағынан еркін болған процесс болып саналады» [3, 95 б.]

«Сын тұрғысынан ойлау», «сыни ойлау» ұғымдары қалай анықталады? Неліктен бұл ұғым жоғарыда талдау жасалынған еңбектерде тұйық қарастырылған?

Осы мақсатта сыни ойлаудың зерттелу тарихына шолу жасайық.

1978 жылы Виндзор (Канада) қаласында сын тұрғысынан ойлау бойынша Бірінші Халықаралық симпозиум өткізілді. Оның негізгі тақырыптары сын тұрғысынан ойлау мен формалды емес логиканың өзара байланысын анықтау үшін аса маңызды еді.

Бұл симпозиумда формальді емес логиканы сипаттайтын белгілер ұсынылады:

1. Пікірталаста айтылатын идеялардың шындығына назар аудару.

2. Аргументті диалектикалық процесс ретінде зерттеуге құлшыныс.

3. Формальді логиканың аргументтерді бағалау және қалыптастыру дағдылары ның көзі ретінде жеткіліксіз екені.

4. Мәселені шешуді кеңейтуге деген қызығушылықтың артуы.

Формальді емес логика белгілерінің жіктемесінде, біріншіден, бұл мәселеге сын тұрғысынан ойлау тенденциясын қосуды қажет ететіні байқалады.

C.Тулминның зерттеулерінде логика ғылымының даму тарихында дәстүрлі сипаттағы аргументтерді сынға салудың тәсілдерінен бас тартуды уағыздалады.

Бүгінгі жаңашыл педагогтар білім сапасының мәнін айқындауда біріншіден, іс жүзінде білім сапасы шартты түрде қарастырылмайды, сондықтан тек оны жүйеде ғана, қандай да бір қиын деңгейдегі тапсырманы орындауда ғана ескеру керек. Ал екіншіден, білімнің сипаты деңгейлер бойынша алынған ақпаратты меңгеру және қолдана алу заңдылықтарына, ойлау үрдісі заңдылықтарына жауап береді. Оқушылардың білім сапасын үйрену мен бағалауда мынадай үш деңгейді мақсатты түрде таңдап алуға болады: репродуктивті, конструктивті, шығармашылық.

Репродуктивті білім деңгейі – бұл айғақтар, құбылыстар, оқиғалар, әсерлесу ережелер білімі. Осы деңгейдегі білімдердің қызмет етуін қамтамасыз ететін ойлау үрдісі репродуктивті сипатта болады.

Конструктивті білім деңгейі – бұл бірінші деңгейдегі білімдерді комнирлеу, қайта конструктілеу барысында алынған білімдер (ең басты, салыстырмалы, жан-жақты түсіндірілген және ойлау іс-әрекетінің басқа тәсілдерін таңдап алу арқылы алынған). Бұл деңгейге оқытудың эвристикалық әдістерімен қол жеткізуге болады.

Шығармашылық білім деңгейі – бұл оқушылардың өз бетімен іздену іс-әрекетінде пайда болатын білімдер, біліктіліктер. Шығармашылық деңгейдегі білімдерге оқушылардың бойында өз бетімен шығармашылық іс-әрекетін оятатын эвристикалық және зерттеу әдістері арқылы қол жеткізуге болады. Осы білім деңгейін қамтамасыз ететін ойлау тәсілдері де шығармашылық болып табылады: оқушылар жұмыстың тақырыбын және міндеттерін айқындайды, болжамын және іздену жоспарын түзеді, ізденіс-зерттеу іс-әрекетін жүзеге асырады.

Бұл деңгейлерге қол жеткізу үшін бүгінгі таңда көптеген жұмыстар атқарылуда. Оқу-тәрбие үрдісін жаңашалау, оны жаңаша бағытта құру барынша зерттеу жұмысын талап етуде.

Біз қазіргі кездегі көптеп шығып жатқан жаңа бағыттардың ішінде «сын тұрғысынан ойлау» туралы сөз етпекпіз. Себебі, бұл бағыт, біздіңше, өз философиясы жағынан қоғам талабына, заман талабына сай. Сонымен қатар, олар дәл қазіргі қазақстандық жаңа буын оқулықтары принциптеріне сәйкес және қазіргі оқу процесіне енгізуге болатын, мазмұны жағынан бұрынғы әдістерді жоққа шығармай, әдістемелік тұрғыдан байытып отыратын бағыттар.

«Сын тұрғысынан ойлау» американдық көптеген ғалымдардың алдыңғы қатарлы идеялары негізінде құрылған жоба, оның тұтас құрылымы болғандықтан технология деуге негіз бар.

Педагогика ғылымдарының кандидаты С. Бахишева сын тұрғысынан ойлауды былай түсіндіреді: «...бұл сынау деген сөз емес, одан да ауқымды терең, сыни ойлау оқушының қоршаған орта, ақпарат әлеміне, өзіне, өзінің іс-әрекетіне, өзінің дербес, интеллектуалдық оқытудан айырмашылығы – теориялық білімінің өте аздығы, оның есесіне өзіне тән сабақ құрылымы жасалған, әр кезеңге сай әдіс-тәсілдер, стратегиялар, яғни оқыту үшін мұғалімге нақты инструменттер берілген».

                Жаңа инновациялық бағытқа көшу кезеңінде сын тұрғысынан ойлау технологиясының әдістерін пайдалану мынадай жетістіктерге қол жеткізуімізге тікелей ықпал жасайды:

- студенттердің сабаққа деген, білім алуға деген құлшынысын, қызығушылығын арттырады;

- студенттерге сабақты түсіндіру жұмыстары тиімді де оңайлылық танытады;

- студенттердің өздігінен ойлау, шығармашылық жұмыстарды өздігінен орындауы, өз пікірін айта алу мен оны дәлелдей алу, басқа біреудің пікірін тыңдай алу, т.б. қажетті болған қасиеттері дами түседі;

- студенттер өздерінің еңбектерінің нәтижесінде қол жеткізген тәжірибесі есінде берік сақталынады.

Осы ерекшеліктерді ескере отырып, мен мынадай ұсыныстарды ортаға тастағым келеді:

1. Оқытушылар өздері сабақ беретін оқу пәндерінің кешендерін сын тұрғысынан ойлау технологиясының әдістерімен толықтырулары қажет.

2. Ұжымымыз педагогтары сын тұрғысынан ойлау технологиясының әдістерімен толықтырылған электронды оқулықтарды дайындаулары керек.

3. Осы технологияны жүзеге асыруда қажетті әдебиеттерді жинақтау қажет.

4. Сын тұрғысынан ойлау технологиясына арналған оқу кабинетін арнайы жабдықтау қажет.

Студенттерді сын тұрғысынан ойлау технологиясының әдістерімен оқыту арқылы біз өзіміздің негізгі мақсатымыз, яғни сапа менеджментіне өту бағытын да дұрыс таңдаған болар едік.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1. Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы. //Астана хабары, 2004, 6 қаңтар

2. А. Құсайынов. Білім және реформа. //Егемен Қазақстан, 2002, 24 сәуір

3. Л.С. Выготский. Педагогическая психология. – М.: Педагогика, 1991

4. Л.С. Выготский. Собрание сочинений. В 6 томах. Т.2, 1992, с.252

Категория: Мои статьи | Добавил: ukpk_admin (14.02.2011)
Просмотров: 5796 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Поиск

Copyright ЮКПК © 2024