Воскресенье, 12.05.2024, 08:33
Приветствую Вас Гость | RSS

Южно-Казахстанский педагогический колледж

Категории раздела
Наш опрос
Ваше мнение о ЮКПК
Всего ответов: 30
Статистика

Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0
Форма входа

Каталог статей

Главная » Статьи » Мои статьи

БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ СЫНИ ОЙЛАУ НЕГІЗДЕРІН ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ШАРТТАРЫ

БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ СЫНИ ОЙЛАУ НЕГІЗДЕРІН ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ШАРТТАРЫ

 

Ибрагимова Гулсанам Ғуламқызы

Шымкент университетінің аға оқытушысы, педагогика магистрі

Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында: «...бастауыш сатыдағы оқу мен тәрбие оң уәжді қалыптастыруға және оқу қызметін білуге, оқу, жазу, санаудың берік дағдыларын үйренуге, тілдік қарым-қатынастың қарапайым тәжірибесіне, өзін-өзі шығармашылдық тұрғыдан таныта білуге, ... база жасайды» [1, 6-8 б.].

Аталған тұжырымдамада болашақ ұрпақтың өзіндік, дербес ойлауын, шығармашылдық қасиеттерін қалыптастыру мен дамытуды бастауыш сатыдан іске асыруды құптайды. Кез келген мәліметке, дерекке жан-жақты тоқталу, құбылысты, затты, оқиғаны түрліше шешім арқылы қабылдау негіздері бастауыш сыныптарда қаланады. Бұл қасиеттер өз кезегінде сыни тұрғыдан ойлаудың негіздерімен тығыз байланысты.

Ата-бабаларымыздың «Тарих алдында басымызды иеміз, болашаққа қарай ұмтыламыз» секілді нақыл сөзінде де біздің зерттеу мәселеміздің негізі жатыр. Осы күнге дейін білім беру мен тәрбиелеу бойынша жинақталған тәжірибелер бүгінгі күнде де өз құндылығын жоймайды, бірақ қоғамда болып жатқан қазіргі жаңаша өзгерістер оқу-тәрбие процесін жаңаша бағыт алуын көздейді. Мұның арқасында біз өркениетті елдер қатарына қосыла алатындай қоғам бола аламыз. Бәсекелес елдер қатарына қосылмақ үшін тарихымызды ұмытпай, бәлкі оған жаңаша мағлұматтар қосылғанын қамтамасыз етуіміз керек.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 8-бабында білім беру жүйесінің міндеттері ретінде «жеке адамның шығармашылық, рухани және дене мүмкіндіктерін дамыту..., жеке басының дамуы үшін жағдай жасау арқылы интеллектін байыту қажет» деп айтылады [2, 5 б.].

Әр мемлекет, әр халық басқа мемлекеттер мен халықтардың, олардың тарихы, дәстүрлері мен ойлау жүйесі туралы білімдерді дамыта отырып, олармен бірлікте өмір сүруге үйренуі қажет... болашақта күтіп тұрған түрлі қауіп-қатерлерді бірге талдап, бірлесе тойтаруға, әр қилы қайшылықтарды ақылдаса отырып бейбіт түрде шешім жасауға, әрі бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді...», деп айтады [3, 10 б.].

Осы пікірлерді іске асыру ойлау процесінің жаңаруы нәтижесінде жүзеге асады. Бұл бағытта бастауыш сынып оқушыларының ойлау процесін жаңартудың жолдары алуан түрлі. Бүгінгі күнде ойлау процесі, сыни тұрғыдан ойлау, оны қалыптастыру мәселелері көптеген философтар, психологтар, педагогтар, физиологтардың зерттеу назарын тартуда. Зерттеу тақырыбымыздың мәнін ашу үшін алдымен философия, психология және педагогика сияқты ғылымдарда белгіленген негізгі көзқарастарды пайдалануды қажет етеді. Ойлау процесінің теориялық құрылымын білмей тұрып, мұғалім сабақты ұйымдастыруда белгілі дағдыларды қалыптастыруға бағытталған оның әдістемесін белгілей алмайды.

Біздің зерттеу жұмысымыз үшін психологиялық тұрғыдан ойлау процесі туралы Л.С.Выготский, П.Я.Гальперин, А.В.Запорожец, Л.М.Леонтьев, Б.Г.Ананьев, А.Р.Лурия, С.Л.Рубинштейн, Д.Н.Узнадзе еңбектері өте маңызды. Сонымен қатар, философиялық тұрғыдан А.Г.Спиркин, Д.П.Горский көзқарастарына сүйендік. Физиологиялық тұрғыдан М.Н.Сеченов, И.П.Павловтардың зерттеулері де елеулі орынға ие болды.

Ал, тікелей сыни тұрғыдан ойлау мәселесі көптеген ғалымдар мен практиктердің жұмыстарында көрініс тапқан (Ж.Пиаже, Дж.Дьюи, А.Тягло, Т.С.Воропай, С.Тулмин, С.Мирсеитова, С.Бахишева, т.б.).

Ойлау қабілетінің бастауышта оқыту мен тәрбие процесінде дамуын зерттеу мәселесі В.В.Давыдов, Ш.А.Амонашвили, Л.В.Занков еңбектерінде қарастырылады.

Өте маңызды жұмыстар жоғары сынып оқушыларының және студенттердің ойлауын қалыптастыру мәселелеріне тиесілі зерттелген (И.М.Карпенко, М.В.Кралина, Н.В.Миничкина, Н.В.Михалкович және т.б.). Болашақ мұғалімдердің ойлау процесінің құрылымы жайындағы зерттеу жұмыстары да біздің назарымызды алды (М.А.Голубева, Н.И.Подгорная, Н.Г.Хакимова, И.В.Богдашкина және т.б.)

Психологиялық зертеулерде тікелей ойлау процесінің түрлері бойынша жүргізілген жұмыстарда да бейнеленген (Г.Э.Белицкая, И.Л.Зиновьева, Е.В.Конева, Л.Г.Петрова және т.б.)

Оқыту мен тәрбиелеу тәжірибесінде жүргізілген зерттеулер нәтижесінде жалпы білім беретін мектептерде мұғалімдер оқушылардың сыни тұрғыдан ойлау мәселелеріне аса көңіл бөлмейтіндігі анықталды. Олар басты назарды белгілі пән бойынша білім беруге қаратады. Сыни тұрғыдан ойлау мәселесі төңірегінде мақтан тұтар ұлттық тұлғаларымыз да өз пікірлерін айтып өткен болатын. Атап айтқанда, Әл Фараби, А.Құнанбаев, Ы.Алтынсарин, М.Жұмабаев, М.Дулатов, Ж.Аймауытов белгілі үлес қосқан.

Жоғарыда санап өтілген зерттеулердің құндылығын бағалай отырып, осы күнге дейін бастауыш сынып оқушыларының сыни ойлау негіздерін қалыптастыру мәселесіне қажетті назар аударылмаған. Дүниетану сабағында оқушылардың сыни ойлау дағдыларын қалыптастырудың әдістемелік бағыттары жасалынбаған. Дүниетану сабағында бастауыш сынып оқушыларының сыни ойлау негіздерін қалыптастыру үшін арнайы құрылымдық қасиеттері мен әдіс-тәсілдері де қарастырылмаған.

Мәселені үйрену және жалпылау бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы мектептерінің мұғалімдері тәжірибесінде келесі қорытынды жасалынды:

- бастауыш сынып оқушыларының ойлау процесіне аса мән беріледі, алайда олардың сыни ойлауының мәніне назар аударылмаған;

- дүниетану сабақтарына деген қызығушылықтың төменгі деңгейде екендігі байқалды;

- оқыту мен тәрбиелеу процесіндегі жан-жақты, терең ойлаудың алуан түрлері пайдаланылады, алайда сыни ойлаудың нақты әдістері дұрыс пайдаланылмайды;

- мұғалімдер сабақты ұйымдастырудың сыни тұрғыдан ойлауды қалыптастырудың арнайы құрылымын білмейді;

- оқушылардың жас және жеке ерекшеліктері ескерілмейді;

- оқушылардың дүниетану сабағында өзіндік жұмыстарын ұйымдастыруға көңіл бөлінбейді;

- шығармашылық жұмыстардың түрлері дұрыс пайдаланылмайды;

- оқушылардың сыни тұрғыдан ойлауының қалыптасқандық дәрежесіне қойылатын талаптар анықталмаған.

Мемлекетіміздегі атаулы мектептердегі жекелеген инновациялық ізденістер бар болғанымен ғылыми негіздегі жүйеге түспеген, ғылым мен тәжірибе, кіріктірудің жайы мектептерде қанағаттанғысыз деңгейде деп анықтауға болады.

Сондықтан да жаңа инновациялық педагогикалық процесті орнату үшін тап осындай ерекшеліктерді назардан тыс қалдырмауымыз қажет. Педагогикалық жүйе құрылымын кей ғалымдар (И.П.Беспалько, В.П.Беспалько, т.б.) оқушылар – тәрбие мақсаты – тәрбие мазмұны – тәрбие үрдісі – мұғалімдер – тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру формалары түрінде қарастырады (тәрбиелей отырып оқыту жағдайында). Жалпы алғанда, жаңа технологияны қолдану төмендегі кезеңдер арқылы іске асады: оқып-үйрену – меңгеру - өмірге ендіру – дамыту.

Біздің зерттеу жұмысымызда бастауыш сынып оқушыларының сыни тұрғыдан ойлау негіздерін қалыптастыруда келесі реттегі педагогикалық шарттар анықталды:

1 Дүниетану сабағының құрылымын өзгерту;

2 Сабақ барысында сыни ойлау негіздерін қалыптастыруға бағытталған әдіс-тәсілдерді пайдалану;

3 «Оқушы – оқу әрекеті – мұғалім» жүйесін орнату;

4 Оқушылардың өзіндік және шығармашылдық тұрғыдағы жұмыстарының мазмұнын сыни тұрғыдан ойландыруға бағыттау.

Кез келген елдің экономикалық қуаты, халқының өмір сүру деңгейінің жоғарылығы, дүниежүзілік қауымдастықты орны мен салмағы сол елдің технологиялық даму деңгейімен анықталмақ. Бұл өз ретінде олардың сын тұрғысынан ойлау негіздерін қалыптастыру қажеттігін көрсетеді. Экономикалық тұрғыдан күшті дамыған елдердің тәжірибесі білім беру жүйесінде кез келген фактіге, құбылысқа, оқиғаға пікір білдіру арқылы жаңа материалды игерудің өте тиімді  екендігі дәлелденіп отыр.

Бірінші педагогикалық шарт ретінде сабақ, оның құрылымын, түрлерін қарастырамыз. Сабақ педагогикалық құбылыс ретінде өзінің құрамы мен құрылымына ие. Ол әртүрлі бөліктерден, компоненттерден, элементтерден, (кіріспе, ұйымдастыру кезеңі, сұрақ-жауап, түсіндіру, дидактикалық міндеттер, оны шешу құралдары мен тәсілдері және т.б.) құралып, олар белгілі бірізділікте өзара байланыста жүзеге асады.

Сабақта сын тұрғысынан ойлауды қалыптастыруға бағытталған әдіс-тәсілдерді пайдалану екінші педагогикалық шартты сипаттайды. Басқаша тұрғыда сипаттайтын болсақ, сыни тұрғыдан ойлауды қалыптастыру әдістерін интерактивті әдістер жиынтығы деп те атайды [4].

Интерактивті әдістер мұғалімнің оқытуды қандай шеберлікпен ұйымдастырылғаннан көрінеді. «Интерактивті әдістер» және «интерактивті оқыту» терминдерінің ортақ түбірі – интер ағылшын тілінің «inter» - аралық; «act» - әрекет ету деген сөздерінен енген. «Интерактивті әдістер» тіркесін оқушылардың өзара әрекет етуіне жағдай жасайтын әдістер, ал «интерактивті оқытуды» өзара әрекеттесуге негізделіп құрылған оқыту деп түсінуге болады. Интерактивті әдістердің мәні - әрбір оқушының оқушылармен өзара белсенді байланыста болып, мұғаліммен бірлесе отырып, оқу-тәрбие мақсаттары мен міндеттерін орындауға бағытталған процесс болып табылады.

Бұл әдістер оқыту барысында оқушылардың тұлға ретінде қалыптасуға бірден-бір әсер етеді. Сыни тұрғыдан ойлау негіздерін қалыптастыру әдістері оқушылардың өз тәжірибесіне, біліміне сүйенулеріне негізделген. Сондықтан да олар сабақта ынтымақтастық педагогикасының жүзеге асуына, бірлесіп әрекет етуге, сабақта жайлы да жағымды психологиялық жағдай орнауына мүмкіндік жасайды. Яғни, педагогикалық үрдісті демократизациялауға жол ашады.

Бастауыш сынып оқушыларының сыни тұрғыдан ойлау негіздерін  қалыптастырудың келесі педагогикалық шарты - «оқушы – оқу әрекеті – мұғалім» жүйесін орнату. Бұдан басты мақсат осы тәртіпке негізделген оқу-тәрбие процесін ұйымдастырумен сипатталады.

Білім берудің дәстүрлі формасы мына көріністе болатын:

 

 

 

 


Ал сыни тұрғыдан ойлау негіздерін қалыптастыру сабағы мына жүйеге алмаспақ:



 

 

 

 


Келесі педагогикалық шарт ретінде оқушылардың өзіндік және шығармашылдық жұмыстарын ұйымдастыруды сыни тұрғыдан ойлауға бағыттауды анықтадық.

                Өзіндік жұмыс – тек жекелеген пәнді меңгеру ғана емес, сонымен қатар, оқу, ғылыми, өзіндегі жауапкершілікті сезіне білу, дербес жұмыс істеуге үйрену. Дидактикалық тұрғыдан дұрыс ұйымдастырылған өзіндік жұмыс білімді тереңдетуге, толықтыруға, дағды мен іскерлікті қалыптастыруға, танымдық әрекетке қызығуды туғызуға, таным үрдісінің әдіс-тәсілдерін игеруге, танымдық қабілетінің дамуына, адамның дербес жұмыс істеу мәдениетін көтеруге, шығармашылықпен жұмыс істеуге және ғылыми жұмыстармен айналысуға мүмкіндік жасайды.

Жоғарыда ұсынылған педагогикалық шарттар бастауыш сынып оқушыларының сыни тұрғыдан ойлау негіздерін қалыптастырудың алғышарттары ретінде оқушыларда сыни ойлау дағдыларын қалыптастырады. Сыни тұрғыдан ойлау дағдылары мыналар:

-          қажетті мәліметтен қажетсіз мәліметті ажырата алу;

-          мәселені анықтай алу;

-          себептерді және күтілетін нәтижелерді бағалай алу;

-          қорытындылар және шешім жасай алу;

-          фактілер мен пікірлерді анықтай алу;

-          мәселелерді тиімді түрде шешу;

-          дәлелдерді бағалай алу;

-          өзіндік ойлау процесін бағалай алу;

-          ұжымда жұмыс жасай алу және т.б.

Бұл дағдылармен оқушыларды қаруландыру нәтижесінде біз оқыту мен тәрбиелеу процесінде елеулі өзгерістердің куәсі боламыз. Оқушыларымыз өздігінен табиғат құбылыстарына, қоғамдық оқиғаларға, адамдармен қарым-қатынас жасаудағы жайттарға немқұрайлы қараудан арылып, керісінше жан-жақты талдау, салыстыру, пікір алмасу, ойлану, жинақтау арқылы сыни тұрғыдан ойлайтын болады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1. Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы. //Астана хабары, 2004, 6 қаңтар

2. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңынан. //Бастауыш мектеп, 2000, №6-7

3. А.В. Тягло, Т.С. Воропай. Критическое мышление: Проблемы мирового образования ХХІ века. – Харьков: Университет внутренних дел, 1999, с. 285

4. А. Момынқұлова, Ш. Алтаева. Ізденіс жұмысы – оқушының ойлау қабілетінің даму кепілі. //Вторая Национальная конференция по Чтению. – Алматы: ХХІ век, 2001.

 

Категория: Мои статьи | Добавил: ukpk_admin (14.02.2011)
Просмотров: 6730 | Рейтинг: 1.0/1
Всего комментариев: 0
Поиск

Copyright ЮКПК © 2024